Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратөбе (Базарқақпа, Абдулабад, Бадам-1, Тұрдыабад, Шаңырақ) аумағының инфрақұрылым жүйелерімен танысып, Е.Юсупов атындағы №104 мектепте тұрғындармен кездесті.
Еңбекші ауданы аумағында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» нақтыланып, бекітілген. Бүгінде Қаратөбе аумағындағы елді мекендер ауыз су, табиғи газбен толық қамтылған. 104,6 шақырым автомобиль жолдарының 61,3 шақырымы асфальтталған.
Базарқақпа, Абдулабад, Бадам-1 тұрғын алаптарына ауыз су жүйесі толығымен жаңартылып, қазіргі таңда тұрғындарға тәулік бойы ауыз су берілуде. Базарқақпа, Бадам-1 тұрғын алаптарында жекеменшік жүйедегі 998 абонентке бюджет есебінен электр желілері жүргізілсе, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 901 абоненттің электр желілері жаңартылды.
Өткен жылы 4 спорт алаңшасы (Тұрдыабад, Бадам-1) салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Базарқақпа тұрғын алабында 6 көшеге, Абдулабад тұрғын алабында 2 көшеге асфальт жол салынды. Абдулабад елді мекенінің ішкі көшелеріндегі топырақ жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Қаратөбе аумағындағы көшелерге бюджет есебінен асфальт төсеу жұмыстары атқарылады. Бадам-1 тұрғын алабында 153, Абдулабад тұрғын алабында 484 жекеменшік электр желілерін ауыстыру жұмыстары қолға алынады. Тұрдыабад тұрғын алабында 1 балалар ойын алаңшасы салынады. Аумақтағы 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.