Балабақшада оқыс оқиға. Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы «Болашақ»балабақшасының бүлдіршіні көліктен құлап қалды. Шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген балақайға ота жасалған. «Баламның денесінің сау тамтығы қалмады»- деген анасы оқиға 12 сәуір күні таңғы сағат 9:00 шамасында орын алған көрінеді. Алайда балабақша әкімшілігі жедел жәрдем шақырмай, анасына оқиғаны түскі уақытта бірақ хабарлапты. Бір жарым жастағы Хан есімді бүлдіршіннің сол жақ жанбасы сынған, басында ауыр жарақаты бар. Ота сәтті жасалғанымен, күтім керек дейді дәрігерлер.
Ал баланың анасы жауапкершіліктен жұрдай балабақша жабылуы керек дейді. Өз кезегінде білім нысанының басшысы басқармаға жазған түсініктемесінде баланың көліктен емес, аяғы тасқа шалынып құлағанын айтқан екен.
Баласын аман-есен отадан шығарған ана кінәлілерді сотқа беремін деп бекініп отыр. Оқиға орын алған күні жергілікті учаскелік полицейге де арызданып үлгерген.